
|
26 Қаңтар 2012, 09:15 Жапония премьер-министрі дипломатиялық қатынастар орнатылғанына 20 жыл толуына орай Елбасына құттықтау жолдады ![]() АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Жапония мен Қазақстаннның арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 20 жыл толуына орай Күншығыс елінің премьер-министрі Ёсихико Нода ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына құттықтау хат жолдады, деп хабарлады Жапонияның ҚР-дағы елшілігінің баспасөз қызметі. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 26 қаңтарда орнатылған болатын. ҚазАқпарат хаттың мәтінін жариялайды. «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 20 жыл толуына орай менің шынайы құттықтауымды қабыл алыңыз! Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін біздің елдеріміз арасында ең жақсы қатынастар орнады. Бұған өткен жылғы наурызда Жапонияың шығысында болған жойқын жер сілкінісі кезінде Жоғары Мәртебелі Сіздің атыңыздан және көптеген басқа да қазақстандықтардан жылы шырайлы көңіл айту және қолдау естіп, сондай-ақ көмек алуымыз дәлел. Мүмкіндікті пайдалана отырып, тағы да өзімнің алғысымды білдіргім келеді. Экономикалық өсімі қарқынды үдей түсіп отырған Қазақстанмен ынтымақтастықтың маңызы барған сайын арта түсуде. Бұдан басқа, Сіз зор маңыз беріп отырған «Ядролық қарусыз әлем үшін» бастамасын жүзеге асыру жөніндегі күш-жігеріңіз соғыс кезінде ядролық бомбалаудан зардап шеккен бірден-бір мемлекет - Жапония халқының мақұлдау пікіріне ие болып отыр. Өз кезегінде мен Жоғары Мәртебелі Сізбен осы бастаманы жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттімін. Дипломатиялық қатынастар орнатылуының 20 жылдығы Қазақстанмен және қазақстан халқымен қатынастарды одан әрі дамытып, тереңдетуге серпін болады деген үмітімді білдіргім келеді. Сізбен «Орталық Азия+Жапония» диалогы ауқымындағы ынтымақтастықты қоса алғанда, әртүрлі салаларда одан әрі белсенді өзара іс-қимыл мүмкіндігін асыға күтемін. Шын көңілден Сізге мықты денсаулық және жемісті қызмет және Сіздің халқыңызға бақыт тілеймін», - делінген хатта.
Пiкiрлер (0)
|
Пікір білдірілген мақалалар |